Ақбұлымдағы жәдігерлер — баға жетпес қазынамыз

0

…Түк білмей босқа өткен уақытың,
Өмірдің мәнісі жоқ бос емес пе?
Кең байтақ даламыздың
тарихымен,
Жастарды тәрбиелеу хош емес пе?
Бабалардың мұрасын
танып білсек,
Рухани жаңғыруымыз
осы емес пе?!

Жат жұртта (Ресейде, Қытайда, Моңғолияда, т.б.) қалған бабаларымыздың рухани қазынасы, мәдени байлығы, жәдігерлері, қолжазбалары мен сәулет-өнер туындыларының иесі де, киесі де – біз.
Қазақ ұлты – тарихын тереңге жіберген, осынау ұланғайыр қасиетті даласынан табан аудармаған халық. Қайсар халықпыз, сонау тас, қола дәуірлерінен бастау алып, темір дәуіріндегі сақтардың, үйсіндер, қаңлылар мен ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, бабалардың жұртында қарашаңырақты сақтап қалған бірден-бір елміз.
Өткенге көз жіберіп тебірене еске алсақ, Елбасының «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласы ойға оралады. Онда жастарды рухани жұтаңдықтан сақтаудың жолы көрсетілген. Сонау қатым заманнан бастау алған тарихқа үңілсек, бабаларымыздың өшпес ізін, болашақ ұрпаққа рухани азық болар ұлағатты істерін көреміз.
Кезінде көрші алып империя Ресейдің билеушілері «Өркениетке жолды біз бастадық, сендерде өркениет тұрмақ білім де, ғылым да, тарих та болмаған» деп бізге биіктен қарағанын, небір білімді де есті аталарымызды тұқыртып ұстағанын қазіргі кезде біліп отыр­мыз. Бұл мақалада жаһан алдында баяндалған тарихи шын­дық пен әлем өркениетіне зор үлес қосар жеті қазына туралы айтылып отыр.
Осы орайда «Қазақ деген қандай халық? Тарихы, дәстүрі бар ма?» деген сұрақ туындайды. Міне, осыған орнықты жауап беретін осы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы. Жүрек түбінен зерделей зер салсақ, Елбасы бүкіл қазақ елінің ерекше мұраларын Ұлы даланың жеті қырынан тауып отыр. Тарихи сананы жаңғыртуды мұрат еткен мақаланың жеті тармағында жазылғандарды Ақбұлым ауылы маңындағы тарихи орындардан кездестіруге болады. Енді нақтылап жеке-жеке айтып өтейік.
Атқа міну мәдениеті. Ежелгі бабаларымыз әлемде ең алғаш жылқыны қолға үйреткен, оған ер-тұрман жасау шеберлігін өмірге әкелген. Міне, осындай тарихи айғаққа зер салсақ, Қарасай шатқалындағы бір топ жылқының петроглифінде екі сәйгүліктің өз үйірлерін қорғап шайқасып жатқаны бейнеленген. Бұлар – ежелгі қола дәуірінен бізге жеткен мәдени мұра. Қамыстыбұлақ шатқалындағы қазанат пен садақ тартып тұрған жауынгердің петроглифі де шынайы. Жауынгер ердің үстінде нық отыр. Сонымен қатар асауды қолға үйрету бейнеленген петроглифтер кімді болса да таң қалдырады. Бұл – нақты тарихи дәлел мен айғақ.
Аңдық стиль дегеніміз – Сақ, Үйсін қоғамынан бізге мұра болып қалған теңдессіз рухани қазынамыздың белгісі. Жетітөбеде патша сақ қорғандарынан табылған тауешкінің алтыннан жасалған мүйізі мен әлемнің төрт бағытын нұсқап тұрған қыранның басы ерекше туынды болып табылады және көптеген тағы аңдардың алтын құймасы осыған сай келеді. Мұнда жануарлар бейнесін алтынмен аптап құю, оны тұрмыста пайдалану адам мен аңдардың өзара байланысының символы ретінде қарастырылған.
Алтын адам – жаһан жұртшылығын таң қалдырған бабалар өркениетінің жәдігері. Жетітөбе қорымынан табылған сақ қоғамына жататын саф алтыннан жасалған сақ жауынгері сауытының қаптырмалары мен саф алтын бұйымдарының өзі таңдай қақтырар жәдігерлер, ата-бабадан қалған қайталанбас зергерлік өнер туындылары, бұлар қай-қайсымыздың да ардақ тұтар асылымыз. Оларды сол күйінде сақтап, болашақ ұрпақтың қолына тапсыруымыз керек.
Ежелгі металлургия. Оны өндіру мен өңдеу технологиясын жетік меңгерген бабаларымыз металл қорытып, алтын-күмістен зергерлік бұйымдар жасаған. Жетітөбеден табылған алтындар осыған дәлел. Бұйымдардың алтынды қамырдай илей алатын құдіретті шеберліктің қолынан шыққаны көрініп тұр.
Түркі әлемінің бесігі – әлемдік экономикаға өзіндік үлес қосқан Түркі әлемі. Қазақстан – түркі халықтарының «қара шаңырағын» сақтап қалған бірден-бір ел. Осыған байланысты Ақбұлымда түркілерден қалған орта ғасырларға тән көне бұйымдар көптеп табылып жатыр (құмыралар, бақыр теңгелер, ферроқұты, таңбалар мен үңгірдегі жазулар).
Ұлы Жібек жолы. Әлемдік экономиканың дамуына өз септігін тигізіп, шығыс пен батысты жалғастырған бұл тарихи жол Ақбұлымда түйісіп, Таразбен сауда қатынаста болғанын дәлелдейтін тарихи деректер баршылық.
Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны. Ұлтымыздың брендіне айналған жауқазын-қызғалдақтардың Ақ тау мен Қызыл тау қыраттарында көктемде бірнеше түрін кездестіруге болады. Біз бала кезімізден Алмалы шатқалында жабайы алманың бал­шы­рын дәмін татып өстік. Бұл шатқал Алмалы деп сол үшін аталған.
Елбасының мақаласы бізге үлкен жауапкершілік артады, болашақ ұрпаққа зор міндет жүктейді. Себебі бұл – тарихи сананы қалыптастырудың бірден-бір жолы. Ал, саналы ұрпақ тәрбиелеу қазіргі қоғамның басты мәселесі болып табылады. Біз жастардың бойында көне мұраларымыз арқылы ғана тарихи сананы қалыптастыра аламыз. Саналы ұрпақ елінің нағыз патриоты болып шығады. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осыған бағытталған. Онда айтылғандар қалың көпшіліктің рухани қажетіне айналуы керек.
Қорыта айтарымыз, ұлттық рухымызды сақтап, болашақ ұрпақтың үмітін ақтайық, көне мұраларымызды сақтайық! Бүгінгі басты міндет – халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі болар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Бабалар мұрасын әлем жұртшылығына ұғындырып, келер ұрпаққа сол күйінде мирас етіп қалдыру – басты парызымыз.

Жамбыл БЕСБАЕВ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР үздік өлкетанушысы, ардагер ұстаз-тарихшы.
Ақбұлым ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.